Created: 13 Ақпан 2019
2079

Рухани жаңғыру кафедрасы

 

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ОРТАЛЫҒЫ

         

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында  «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, танымал жазушы, журналист Мира Шүйіншәлиева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Тұрар Шайхиев, «Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесінің меңгерушісі, облыстық мәслихат депутаты Салтанат Тұманбаева және оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

 

 

– Университет пен партия филиалы арасында меморандумға қол қойылды. Осы ретте көптеген жұмыстар атқарылды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы өте жоғары. Ұлттық тамырымыз жойылмай, болашақ ұрпағымыздың сана-сезімдері жаңарсын деген мақсатта әр адам өзінің ойын түзеуге тырысуы керек, – деді шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Гүлжан Мағжанқызы.

 

– Оқу орны жанынан «Рухани жаңғыру» орталығын ашу 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген еді. Өткен жылы бағдарламаның жүзеге асырылуын бағамдау мақсатында арнайы комиссия келген болатын. Сол кезде осындай бөлме ашылады деп уәде берген едік. «Тамырсыз тал, тарихсыз ел болмайды» деген. Бұл кабинет жастарға тәрбиелік мәні зор, нақты бағыт-бағдар беретін қасиетті орын болады, – деді дөңгелек үстелді ашқан  Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Әліби Баяхов. Осы орайда,  Әлиби Науқанұлының аталмыш кабинеттің жобасын жасақтап, құнды деректердің жинақталуына зор ықпал еткенін айта кеткен ләзім.

 

 

«Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі  Ринат Жанғалиев: ­– Бүгін оқу орнында ерекше сәтті оқиға. Қазақ руханиятының ұранына  айналған «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында орталығымыз, арнайы бұрышымыз, кабинетіміз жасақталды. Осы бөлмеде ғылыми-кешенде жасалып жатқан игі істер шырағы жағылады деп есептейміз. Жаңа оқу жылынан бастап «Рухани жаңғыру» кафедрасы ашылған болатын. Жоспарға сай алты басымдық, алты арнайы жоба, соның ішінде «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде тәрбие және білім, «Атамекен», «Рухани қазына» бағыттары бар. Біз әсіресе тәрбие және білім бағытында  жұмыстанудамыз.  Алты арнайы жоба «100 жаңа есім», «100 гуманитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Туған жер» бағдарламасы, «Қасиетті Қазақстан». Осы орайда ҚазИИТУ- да шаралар жүзеге асуда. Кабинетті жасақтауда бірлесіп жұмыстанған барлық оқытушылар мен мамандарға алғыс білдіремін,  – дей келіп, жиналғандарды кабинеттің безендірілуімен таныстырды. Мұнда «Рухани жаңғыру», «21 ғасырдағы ұлттық сана», «Ұлы даланың жеті қыры» стенділері ерекше талғаммен жасалған.

 

Өз кезегінде «Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесінің меңгерушісі Салтанат Тұманбаева Елбасы бағдарламасы шеңберінде арнайы аудитория ашып, студенттерге жағдай туғызып жатқан оқу орны ұстаздарына алғыс білдіріп,  әдемі бөлме тың идеяларға, жақсы жаңалықтарға толы болсын деген тілегін білдірді. Ал БҚМУ аға оқытушысы Тұрар Төлегенұлы  қоғамның, жастардың санасын өзгертуде аталмыш бағдарламаның салмағы зор екенін тоқталып, алдағы уақытта бірлескен отырыстар өткізіп, тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін жеткізді. Жазушы Мира Хамзақызы:

 

– Бүгінгі ашылып отырған шаңырақтарыңыз қазақтың исі шығатын, ұлттың рухын көтеретін, ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздігіміздің арқасында келген – Рухани жаңғыру. Алдымен әр адамның ішкі болмысы жаңғырып, жан-жақты дамуы тиіс, – дей келіп, алдағы уақытта заманауи технологияны бағындырған, іргелі оқу орнында жастардың рухын көтеру бағытында жұмыстар жасалса, студенттер кітапхана, театр секілді мәдени орындарға жиі барса, таным көкжиегі кеңейер еді деген ұсынысын айтты.  Ғылыми-кешеннің дамуына елеулі үлес қосқан ардагер Асқар Әшуұлы «Рухани жаңғыру» аясында көбісі жақсы сөйлеуді үйреніп алғанын тілге тиек етіп, сондықтан Президенттің тапсырмасы негізінде дәлелмен жұмыстар атқарылуы керегін баса айтып:   – Жақында Саратов облысында қазақ диаспораларының өкілдерімен кездестім.

 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын әрі қарай түсіндіру үшін де тереңірек оқу керек. Тереңірек ізденіп, тарихты жете зерделеу тиіс.  Саратовтан келген соң Л.Гумилевтың «Древняя Русь и Великая степь»  кітабын қайталап оқып шықтым. Тарихымыздың түп тамырына бойламайынша, ой білдіруіміз қате. Қазір жастар сауатты. Әр студент осыны түсінсе, замандастарына жеткізсе деген бағытта жұмыстар жүргізілуі қажет,  – деген пікірімен бөлісті.